Ақмола облысында полицейлер үш күн бойы күшейтілген режимде қызмет атқарды
Ақмола облысында полицейлер үш күн бойы күшейтілген режимде қызмет атқарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау қаласында және Ақмола облысының барлық аумағында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қабылданды.
Тек облыс орталығында өткен үш демалыс күнінде полицейлерге 700-ге жуық өтініш түсті. Рейдтер мен патрульдеу барысында мас күйдегі 26 азамат уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді. Олардың басым бөлігі қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкен және айналасындағыларға агрессия көрсеткен.
Негізгі құқық бұзушылықтар қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда алкоголь тұтыну және мас күйде жүру деректерімен байланысты болды.
– Халықтың маскүнемдікке бейімділігі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Алкогольдік мас болу – құқық бұзушылықтардың, жол-көлік оқиғаларының және түрлі жазатайым жағдайлардың негізгі себептерінің бірі. Осы бағыттағы профилактикалық шараларды күшейтуді жалғастырамыз, – деді тәртіп сақшылары.
Көкшетауда тіркелген бір жағдай соған дәлел: тұрғын үйлердің бірінің ауласында бір топ адамның шу шығарғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына келген полицейлер жастардың бірі туған күнін атап өтіп, қатты сөйлеп, өзгелерге кедергі келтіргенін анықтады. Нәтижесінде 25 жастағы азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл – облыста тіркелген көптеген ұқсас жағдайлардың бірі ғана.
Облыс бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау үшін күшейтілген режимде шамамен 1500 полиция қызметкері жұмылдырылды.