Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында полицейлердің балалары сурет байқауына қатысты

Ақмола облысы полицейлерінің балалары Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіске арнаған суреттер байқауы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ақмола облысында ерекше мазмұнға ие патриоттық шара ұйымдастырылды. "Ешкім ұмытылмайды, ештеңе ұмытылмайды" деген терең мағынаға толы атаумен өткен бұл байқау ішкі істер органдары қызметкерлерінің балалары арасында сурет салудан өткізілді. Игі бастама "80 игі іс" деп аталатын кең ауқымды патриоттық акция аясында жүзеге асты.

Жас өрендер байқауға 80-ге жуық сурет ұсынды. Әрбір туындыда балғын жүректен шыққан шынайы сезім, батырларға деген ілтипат пен Отанға деген риясыз махаббат байқалды. Бұл суреттер тек балалық қиялдың жемісі ғана емес, сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығының, ерлікке деген тағзымның көркем көрінісі болды.

Байқаудың салтанатты қорытындысы Ішкі істер органдары ардагерлерінің аллеясында өтті. Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Аслан Қызбикенов құттықтау сөз сөйлеп, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар қызметкерлердің отбасыларына осы бастамаға қолдау білдіргендері үшін алғыс айтты.

Іс-шараға кадет сыныптарының оқушылары да қатысып, жеңімпаздарға қолдау білдіріп, батырларға деген ризашылықтарын білдірді.

Сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.
Гран-при – ең жас қатысушы, бес жасар Айлин Баймұхамбетова иеленді. Айлин – Ақкөл ауданы полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция  Ботагөз Нөгербекованың қызы.

І орын – Бурабай аудандық полиция бөлімінің анықтау бөлімінің қызметкері Азамат Қапсатаровтың қызы Інжу Абайға бұйырды.
ІІ орын – Бурабай аудандық ПБ көші-қон бөлімінің бастығы Мереке Басымовтың қызы Анель Жолданғарова мен Целиноград ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Қуандық Аппасовтың қызы Асылым Қуадыққызына берілді.

ІІІ орын – Бурабай аудандық ПБ кадр жұмысы жөніндегі инспекторы Жанат Әкішевтің қызы Інкәр Қадырбекке, Степногорск қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкері Арман Бляловтың қызы Жансезім Сағындыққа және Жарқайың ауданы ПБ криминалдық полициясының жедел уәкілі Алмас Жұматаевтың қызы Дария Жұматаеваға берілді.

Жүлдегер балалар естелік сыйлықтармен марапатталып, оларды тәрбиелеген аналарға патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.

Іс-шара соңында Ақмола облысы ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Дәуітбек Нұрғалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға ақ тілегін арнап, бейбіт өмір, денсаулық пен амандық тіледі.

Мерекелік кеш полиция департаментінің вокалдық тобының өнерімен әрленіп, балдырғандарға балмұздақ таратумен аяқталды. Бұл тәтті тосынсый кішкентай суретшілер үшін ерекше қуаныш сыйлады.

Сонымен қатар есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы атынан жеңімпаздарға дарынды жас буынды қолдаудың нышаны ретінде брендтік қалпақтар мен футболкалар табысталды.

Бұл шара – ел қорғаны болар ұрпаққа деген сенім мен құрметтің, патриотизмге баулудың жарқын үлгісі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру