Ақмола облысында полиция мас жүргізушіні ұстады
Ақмола облысында полиция мас жүргізушіні ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмолада полицейлер мас күйінде көлікті басқаруға байланысты бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге ерекше назар аударады. Қабылданған шараларға қарамастан, бірқатар жүргізушілер мас күйінде көлік жүргізуді жалғастыруда, бұл олардың өміріне де, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне де қауіп төндіреді.
Мәселен, осы жылдың 2 қыркүйегінде сағат 22:00 шамасында Ақмола облысы ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Бурабай кентінде мемлекеттік нөмірлік белгілері жоқ ATV квадроцикл жүргізушісін тоқтатты.
Рөлде 29 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты, ол осы жылдың сәуір айында сот қаулысымен көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нік 608-бабы 1-бөлігі бойынша 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Тексеру кезінде ер адамның мас күйінде көлік құралын қайта басқарғаны анықталды. Одан қан алынып, сараптама тағайындалды.
Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция еске салады: мас күйінде көлік құралдарын басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.