Ақмола облысында қаза тапқан полицейдің құрметіне полиция сыныбы ашылды
Ақмола облысында қаза тапқан полицейдің құрметіне полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2024 жылдың 25 қыркүйегінде Атбасар ауданы Сочинское ауылының мектебінде қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапқан полиция лейтенанты Серік Мұхамеджановтың есімімен аталатын «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде Серік Мұхамеджановтың туыстары мен жақындары шақырылды. Анасы Бақытжамал Сәкенқызы, жұбайы Елена Петровна, ұлы мен ағасы, сондай-ақ бұрынғы Сочинское ауылының әкімі В. Дубовский, Атбасар ауданының әкімі А. Қалжанов, Атбасар ауданының полиция бөлімінің бастығы Р. Маташев, Ақмола облысы ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Ғ. Садықовтар қатысты.
Айта кету керек, тек Атбасар бөлімшесінде қызметтік міндеттерін орындау кезінде алты полиция қызметкері қаза тапты. ҚР Президентінің жарлығымен полиция лейтенанты Серік Мұхамеджанов қайтыс болғаннан кейін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Өткен жылы Атбасар ауданының полиция бөлімі марқұм полицейдің атына кадет сыныбын ашу туралы өтінішпен жүгінуге шешім қабылдады.
– Оқу орнының қабырғасында алғаш рет 8 оқушы салтанатты түрде ант қабылдап, жас полицей атанды. Әрбіп кадет анттарына адал болуы керек. Енді сіздер үшін бірінші орында – ар-намыс, қадір-қасиет, тәртіп, – деп атап өтті мектеп директоры Л. О. Бовдуева.
Оқушылар Отанды қорғауға және құрдастары мен еліміздің жас ұрпағы үшін нағыз батылдық пен батырлықтың үлгісі болуға ант берді. Іс-шарада тәртіп сақшылары бұдан былай сынып оқушыларына есімін мақтанышпен айтып жүретін полиция батырының өмірі, қызмет еткен жылдары мен ерлігі туралы айтып берді.
Кадеттердің бірі Асқар Жантуардың айтуынша, ол үшін Серік Мұхамеджанов сияқты батырдың есімімен аталған сыныпта оқу үлкен мәртебе. Сонымен бірге ол тәртіп сақшысының жолын абыроймен және мақтанышпен жалғастыруға уәде берді.
Іс-шара соңында полицейлер батыр туралы фильм көрсетті, онда ол қызметтік бекетте қылмыскердің қолынан суық қанмен өлтірілді. Фильмді көргеннен кейін Сочинское ауылының бұрынғы әкімі В. Дубовский балаларға 2004 жылдың 2 қарашасында болған қайғылы күн туралы айтып берді. Сол күні ол Серік Мұхамеджановтың қасында болды, сонымен бірге қайтыс болған полицейдің батылдығы мен ерлігін атап өтті.
Батырдың анасы Бақытжамал Сәкенқызы, өз кезегінде 20 жылдан кейін ұлын ұмытпағаны үшін барлығына алғысын білдірді. Ол сондай-ақ полиция қызметкерлеріне әлі күнге дейін жүрегі жаралы ананы назардан тыс қалдырмағаны үшін алғыс айтты.
– Ішкі істер министрлігінің бастамасымен бүгін біз Сочинское ауылының мектебінде қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан қызметкер – Серік Мұхамеджановтың есімін бере отырып, «Жас сақшы» сыныбын салтанатты түрде ашамыз. «Жас сақшы» сыныбының құрылуы мен жұмыс істеуі өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге, балалардың құқықтық дүниетанымын, жоғары рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді деп үміттенеміз, – деді Ақмола облысы ПД кадр саясаты басқармасының бастығы Ғ. Садықов.
Қызметтік борышын өтеу кезінде өз өмірін қиған батырдың есімі отандастарының есінде мәңгі қалады, ал кадет сыныбы әрқашан батыл полицейді еске түсіреді.
Айта кету керек, Ақмола облысының аумағында осындай «Жас сақшы» полиция сыныптарының төртеуі ашылған.