Ақмола облысында ҚАЖД мекемелерінде еңбек және өндірістік әлеует артып келеді
Мемлекет Басшысының еңбекпен қамтуды арттыру, жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастыру және бизнес өкілдерімен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Ақмола облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өткен кеңесте Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Игілік Хасенов қатысушылардың назарын Мемлекет Басшысының қылмыстық-атқару жүйесінің қызметін жетілдіруге бағытталған негізгі тапсырмаларына аударды.
Биылғы жылы жаңа жұмыс орындарын ашу және өндірістік учаскелерді ұйымдастыру бойынша бірқатар шаралар атқарылып, бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимыл белсенді жүзеге асырылуда.
Бүгінде Ақмола облысындағы ҚАЖД мекемелерінде ынтымақтастық негізінде 15-тен астам кәсіпкерлік субъектісі табысты жұмыс істеп келеді. Олар ағаш және металл өңдеу, тігін өндірісі сияқты бағыттарда сұранысқа ие өнімдер шығарып, өзара серіктестіктің жаңа үлгілерін дамытып отыр.
Игілік Хасенов Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау жазасын өтеушілердің әлеуметтік бейімделуіне және қоғамға қайта оралуына жағдай жасап қана қоймай, сонымен қатар мекемелер мен серіктес кәсіпорындарға нақты экономикалық пайда әкелетінін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс тиімділікті арттыру және тұрақты дамуға қол жеткізу мақсатында жалғасатын болады.
Жиналысқа департаменттің жеке құрамы, облыс бойынша ҚАЖД мекемелерінің бастықтары, "Еңбек" РМК өкілдері және мекемелер басшыларының орынбасарлары онлайн форматта қатысты.
Кеңес барысында Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысының қорытындылары жеткізілді. Департамент бастығы министрлік тарапынан қоғамда "Заң және тәртіп" қағидатын және кез келген құқық бұзушылыққа "нөлдік төзімділік" ұстанымын нығайту бойынша жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар ведомство басшысы жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселесіне ерекше назар аударды. Аймақтық бөлімшелердің басшыларына қызметтік тәртіпті күшейту, жеке профилактикалық жұмыстарды жүйелеу, жас қызметкерлерге тәлімгерлік қолдауды арттыру және офицерлік жиындар тәжірибесін кеңінен енгізу тапсырылды.
Қызметтік тәртіпті бұзуға бейім қызметкерлерге ерекше бақылау орнатылып, түзелуге қабілетсіз тұлғаларға қатысты нақты кадрлық шаралар қабылдау міндеттелді.
Жедел кеңес барысында департаменттің жедел-қызметтік қызметінің нәтижелері талқыланып, департамент бастығының орынбасарлары мен мекеме басшыларының есептік баяндамалары тыңдалды. Кеңес қорытындысында Игілік Хасенов облыстық ҚАЖД қызметіне қанағаттанарлық баға беріп, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындады.
