Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосқан күзет қызметкерлері марапатталды

Ақмола облысында қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосқан күзет қызметкерлері марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

29 қазанда Ақмола облысы полиция департаментінің күзет қызметін бақылау бөлімінде күзет ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара барысында жеке күзет құрылымдарының басшылары мен қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты жиында күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Ерлан Мұстафин құттықтау сөз сөйлеп, күзет саласы қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға берді.

– Қазіргі таңда өңірде күзет құрылымдарының көмегімен 10 мыңнан астам пәтер мен жеке үйлер, сондай-ақ 6 мыңнан астам түрлі мақсаттағы нысандар күзетпен қамтылған. Қызметкерлер өз міндеттерін адал атқарып, кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетуде. Олардың еңбегі – өңірдегі қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға зор үлес, – деді Ерлан Мұстафин.

Іс-шара барысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қырағылық пен батылдық танытқан күзетшілер де атап өтілді.

Мәселен биыл 30 мамырда Көкшетау қаласындағы азық-түлік дүкендерінің бірінде жасалған ұрлықтың ашылуына үлес қосқан "Бастион-Көкше" ЖШС жеке күзет ұйымының қызметкерлері марапатқа ие болды.

Полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Ақмола облысында күзет құрылымдарының қатысуымен 26 қылмыс әшкереленіп, 774 құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Сондай-ақ күзетілетін нысандарда 728 құқыққа қарсы әрекеттің алдын алу мүмкін болды.

Бұл деректер күзет құрылымдарының өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қылмыстың алдын алу ісіндегі маңызды рөлін айқын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру