Ақмола облысында құжатсыз жүрген азаматтарға көмек көрсетілуде
Ақмола облысында құжатсыз жүрген азаматтарға көмек көрсетілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының аумағында құжатсыз жүрген азаматтарды анықтап, оларға құқықтық көмек көрсету мақсатында ауқымды науқан басталған болатын. Бұл шара халықтың құқықтық мәртебесін айқындап, азаматтық құқықтарын қорғауға бағытталған.
Аталған науқан аясында Ақмола облысында құжатсыз тұрып жатқан 63 адам анықталды. Олардың ішінде 49-ы Қазақстан Республикасының азаматтары деп танылып, 3 адам азаматтығы жоқ тұлғалар ретінде тіркелді.
Облыс тұрғындары өздеріне қажетті ақпаратты алу үшін аумақтық көші-қон қызметтеріне жүгіне алады. Көші-қон қызметі мамандары азаматтарға кеңес беріп, мемлекеттік мекемелерге сұрау салу тәртібін түсіндіріп, қажетті құжаттардың тізімін ұсынуда.
Жеке басын куәландыратын құжаты жоқ әрбір азамат өз мәртебесін айқындау мақсатында тұрғылықты жері бойынша полиция бөлімдерінің жанындағы көші-қон қызметіне хабарласуы қажет. Бұл құжаттарды рәсімдеу барысында тұрғындарға қолдау көрсетіліп, барлық қажетті құқықтық көмек ұсынылады.
Егер сізде тек КСРО паспорты болып, туу туралы куәлік немесе өзге де құжаттар жоқ болса, құжаттарыңызды жоғалтқан жағдайда Ақмола облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасына жүгінуіңізге болады. Толық ақпарат алу үшін 8 (7162) 29-98-38 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Бұл бастама әрбір адамның құқықтық мәртебесін айқындап, олардың азаматтық құқықтарын қорғауға жол ашады.