Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында Республика күніне орай ҚАЖД қызметкерлері марапатталды

Республика күніне орай, Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлеріне Ішкі істер министрінің медальдары мен грамоталары табысталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мереке қарсаңында өз қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Ақмола ҚАЖД қызметкерлері салтанатты түрде марапатталды. Мерекелік шара «Достар» мәдениет үйінде өтіп, зал мерекелік көңіл-күйге толып, қызметкерлер мен ардагерлердің қуанышына куә болды.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде ҚАЖД басшысы Иглик Хасенов қызметкерлерді құттықтап: «Құрметті ардагерлер мен әріптестер! Республика күні – біз үшін үлкен мақтаныштың күні. Осы мереке қарсаңында баршаңызды құттықтай отырып, еліміздің егемендігімен бірге экономикалық қуаты артып, қоғамдағы демократиялық процестердің дамып, халықтың әл-ауқаты жақсара түскенін атап өткім келеді. Бұл жетістіктер біздің бірлігіміздің, қажырлы еңбегіміздің және бүкіл Қазақстан халқының қолдауының жемісі. Барлықтарыңызға амандық, отбасыларыңызға тұрақтылық пен өркендеу тілеймін!» – деді.

Салтанатты жиында қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жоғары кәсібилігі үшін қырықтан астам ҚАЖД қызметкері марапатталды.

Ішкі істер министрінің бұйрығымен Абай Ахтановқа (№ 65 мекеме бастығы) және Шыңғыс Тоқтаровқа (департаменттің жедел бөлімінің бастығы) «Әділет подполковнигі» арнайы атағы берілді. Сонымен қатар Қанат Тулаков (№ 4 мекеме бастығының міндетін атқарушы) «Қылмыстық-атқару жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

ҚАЖД ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Мұқашев Ішкі істер министрінің алғыс хатымен, ал Бауржан Толпаков (№ 65 мекеме бастығының орынбасары) ҚАЖ комитетінің грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар қызметкерлер Ақмола облысы бойынша ҚАЖД басшысының грамоталары мен алғыс хаттарын алды.

Мерекелік шара дәстүрлі концертпен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру