Қарағанды облысында сотталғандар ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты №31 мекеменің қызметкерлері мен сотталғандары Долинка кентінің әкімдігіне ерекше мерекелік сый ұсынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталғандардың өз қолымен жасалған жаңа жылдық кейіпкерлер бейнеленген сәндік мүсіндер кент келбетіне ерекше көрік берді.
Жарқын әрі мазмұнды композициялар тұрғындар мен қонақтар үшін жағымды тосынсый болып, елді мекенге жылулық пен мерекелік көңіл күй сыйлады. Жаңа жылдық мүсіндер кенттің көпшілік жиналатын, адамдар жиі баратын аумақтарына орнатылды.
Аталған бастама мекеме мен жергілікті атқарушы орган арасындағы өзара ынтымақтастық пен тату әріптестіктің айқын көрінісі болумен қатар, сотталғандарды шығармашылыққа және қоғамға пайдалы еңбекке тартудың оң үлгісін көрсетті.
Долинка кенті әкімдігінің өкілдері №31 мекеме қызметкерлеріне көрсеткен бастамасы, креативті көзқарасы және жаңа жыл қарсаңында мерекелік атмосфера қалыптастыруға қосқан үлесі үшін алғыстарын білдірді.
