Ақмола облысында су тасқынына қарсы іс-шараларға 700-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды
Ақмола облысында су тасқынына қарсы іс-шараларға 700-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көктемгі су тасқынына байланысты Ақмола облысының барлық аумағында ТЖ режимі енгізілгенін атап өткен жөн.
Жібек Жолы ауылында 21 шаруашылыққа залал келтірілді, Ақкөл қаласында 10 үй шаруашылығы, Макинск қаласында – 7 шаруашылық, Қоянды ауылында да зардап шеккендер бар.
Полицейлер мен құтқарушылар ауыл тұрғындарымен бірлесіп тәулік бойы еріген суды бұру және айдау, инертті материалдарды төсеу бойынша іс-шаралар өткізеді. Облыс тұрғындарынан уақытша сақтау үшін 21 бірлік азаматтық қару тәркіленді.
Аудандарда полиция қызметкерлері қауіпсіздік бойынша жұмыс жүргізіп, эвакуацияланған елдімекендерде азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәулік бойы кезекшілік орнатты. Облыста сондай-ақ 28 жол, оның ішінде 7 облыстық және 18 жергілікті маңызы бар автожолдар толып жатыр.
Патрульдік полицияның 25 қызметкері осы уақыт ішінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жалпы су тасқынына қарсы іс-шараларға инертті материалдарды төсеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың мүлкін сақтау және қорғау жөніндегі жұмыстарды жүргізетін, аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар жолдарды тексеретін, су басу аймақтарындағы ахуалға мониторинг жүргізетін 714 полиция қызметкері жұмылдырылған.
Айта кету керек аудан орталықтарында полиция бөлімдерінің бастықтары су тасқынына қарсы жұмыстарға жеке қатысады.