Ақмола облысында тұрғындардан заңсыз сақталған қару-жарақтар тәркіленді
Ақмола полицейлері «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы аясында қаруды заңсыз сақтау фактілерін анықтауды жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz
28 шілдеде Ақкөл АПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғын ІІО-да тіркелмеген қаруды заңсыз сақтағаны туралы ақпарат алды. Тексеру кезінде 58 жастағы ер адамнан белгісіз маркалы тапанша, бір ұңғылы мылтықтың дүмбісі, ұсақ калибрлі мылтықтың 19 патроны, 12 және 16 калибрлі мылтықтың гильзалары табылып, тәркіленді.
Сол күні Ерейментау ауданында полиция қызметкерлері аудан орталығының 34 жастағы тұрғынынан 16 калибрлі ИЖ-18 тегіс ұңғылы мылтық тапты. Сонымен қатар, 28 шілдеде криминалдық полиция қызметкерлері мен Ерейментау АПБ учаскелік инспекторларына жергілікті екі тұрғын Hatsan 4.5 калибрлі пневматикалық винтовкасы мен Револьвер тапаншасын өз еркімен өтеулі түрде тапсыру туралы өтініш білдірді.
Сондай-ақ, алдын алу іс-шарасының төртінші күні Сандықтау ауданында полиция қызметкерлері Веселое ауылының тұрғынынан гаражда сақталған ТОЗ-16 тіркелмеген қос ұңғылы мылтығын тәркіледі. Ер адам мылтықтың марқұм әкесінен қалғанын айтқан. Барлық фактілер бойынша сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.
Заңсыз сақталған атыс қаруы мен оқ-дәрілерді анықтау мақсатында 25 шілдеден бастап өңірде «Қару» жедел алдын алу шарасы басталды. Қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.