Ақмола облысында заңсыз ағаш кескендер ұсталды
Ақмола облысында орманнан заңсыз қылқан жапырақты ағаштарды алып кетуге әрекет жасаған тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Біржан сал ауданының полиция бөліміне "Охотзоопром" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері Үлгілі ауылдық округі аумағындағы орман алқабында заңсыз ағаш кесу дерегі туралы хабарлаған.
Жедел ұйымдастырылған іс-шара барысында полиция мен орман шаруашылығының мамандары бірлесе әрекет етіп, Щучинск қаласының 31 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Аталған азамат орманнан 30 түп қылқан жапырақты ағашты кесіп, оларды тасымалдамақ болған. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгені құрады.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің тиісті бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Құқық қорғау органдары орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп профилактикалық рейдтер жүргізуді жалғастыруда. Тәртіп сақшылары мен орманшылар тұрғындарды табиғатқа ұқыпты қарауға және табиғатты қорғау заңнамасын қатаң сақтауға шақырады.
Естеріңізге сала кетейік, орман екпелерін заңсыз кесу – қылмыстық жауапкершілік қарастырылған құқық бұзушылық екенін ескерген жөн.