Ақмола облысында заңсыз аңшыларға сотқа дейінгі тергеу басталды
Ақмола облысында заңсыз аң аулау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қаңтарда Аршалы аудандық полиция бөліміне жергілікті аңшылық шаруашылығының басшысы жүгінді. Оның айтуынша, қорықшы кезекті рейд барысында орман алқабында елік терісін және жануарды атуға арналған қарудың іздерін тапқан.
Оқиға орнына дереу жеткен жедел-тергеу тобы қылмыс іздерін мұқият зерттей отырып, қарда жүретін көліктің және қан іздерінің бағытымен жүріп, оларды жақын маңдағы ауылдың тұрғынының үйіне дейін жеткізді.
Үй аумағындағы гаражды тексеру барысында полиция қызметкерлері еліктің ұшасын және оқиғада қолданылған қарда жүретін көлікті анықтады.
Аталған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары басталды.