Ақмола облысында заңсыз балық аулаған браконьерлер ұсталды
Ақмола облысының Жүкей көлінде браконьерлер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер бір аптаның ішінде ұлттық саябақтың аумағында браконьерліктің үшінші фактісінің алдын алды.
2024 жылдың 22 қыркүйегінде Біржан-Сал полиция бөліміне сағат 23:00 шамасында «Бурабай» МҰТП Темноборский орманшылығының Жукей көлінде заңсыз балық аулаудың кезекті фактісі анықталғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті.
Хабарламада Щучинск – Степняк – Уәлиханов автожолындағы орманшылық қызметкерлері Түркістан облысының 40 жастағы тұрғынының басқаруымен ГАЗ 31105 автокөлігін тоқтатқаны көрсетілген.
Оқиға орнына дереу жеткен жедел-тергеу тобы ер адамның көлігінің жүксалғышын тексеру барысында 4 қапшықтан тұқы тұқымды балықты, резеңке қайықты, балық аулау торларын тапты. Бұл жолы браконьерлердің олжасы 160 келіден астам балық болған.
Балық ресурстарын заңсыз өндіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.