Ақмола облысында заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясы жалғасып жатыр
Ақмола облысының полиция департаменті заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясын жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары заңсыз қару ұстаған азаматтарға оны жақын маңдағы полиция бөліміне өз еркімен тапсыруға мүмкіндік берілетінін еске салады.
– Егер сізде ұрланған қару-жарақ, оқ-дәрі және арнайы құралдар туралы ақпарат болса, «102» пультіне қоңырау шалуыңызды сұраймыз. Бұл арқылы сіз біреудің өмірін сақтап қалуыңыз мүмкін. Анонимділікке кепілдік беріледі, – дейді полиция қызметкерлері.
Жалпы, 2012-2022 жылдар аралығында Ақмола облысының полиция департаменті өңір тұрғындарынан 2768 бірлік қару сатып алды, оның ішінде 303 ойық, 2446 бірлік тегіс ұңғылы, 19 газ-травматикалық, сондай-ақ гранаталар, жарылғыш заттар, ойық қаруға 50 мыңнан астам патрон алынған. Акция 11 жылдан бері өткізіліп келеді және өзінің тиімділігін дәлелдеді: жыл сайын Ақмола полицейлері қару-жарақ арқылы жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар санының азайғанын атап өтті.
Сонымен қатар, тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсыру азаматтарға 100 АЕК-ге дейін қосымша ақшалай сыйақы алуға мүмкіндік береді. Акцияның бір күнінде ақмолалықтар полицияға 23 бірлік қару тапсырды, олар қазіргі уақытта баллистикалық сараптамаға жіберілді. Нәтижелері бойынша төлемдерді тағайындау туралы шешім қабылданатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапсырған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Ал заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсырмаған жағдайда ҚР ҚК-нің 287-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады.