Ақмола облысында зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды
Ақмола облысында зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтар азаматтардың эмоциясын пайдаланып, бұрыннан белгілі телефон арқылы алдау схемаларын қолдануды жалғастыруда. Солардың бірі — туыстарының жол-көлік оқиғасына қатысы бар деген желеумен хабарласып, “татуласу” немесе “зардап шеккен адамды емдеу” үшін ақша талап ету әдісі.
Осындай жағдай 3 шілде күні Ақмола облысы Аршалы ауданында тіркелді. Полиция бөліміне 61 жастағы жергілікті тұрғын шағымданған. Оның айтуынша, белгісіз қыз телефонға қоңырау шалып, өзін медициналық қызметкер ретінде таныстырған. Ол зейнеткердің қызы мен немересі жол апатына түсіп, үшінші адам зардап шеккенін хабарлаған.
Әңгіме барысында екінші бір ер адам телефонды алып, “жәбірленушіні емдеу қажет” деген сылтаумен 7 миллион теңге талап еткен. Алаңдап қалған әйел такси шақырып, 2 миллион теңге мен жеке заттары салынған сөмкені белгісіз адамдарға беріп жібереді.
Кейін қызына хабарласқан кезде ғана алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, бірден полицияға жүгінген.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, күдіктілердің мекенжайын анықтады. Тінту кезінде жәбірленушінің берген және таныған заттары тәркіленді.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарға бейтаныс адамдардан үрей тудыратын ақпарат алғанда сабыр сақтап, жақындарымен тікелей байланысуға кеңес береді.