Ақмола облысында жол және коммуналдық қызметтердің алдағы қысқы кезеңге дайындығы пысықталды
Ақмола облысында жол және коммуналдық қызметтердің алдағы қысқы кезеңге дайындығы пысықталуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы мақсатта облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ержан Қошқарбаев арнайы техникалардың жағдайымен және өндірістік базалардың әзірлігімен танысты.
Тексеріс барысында қар тазалайтын машиналардан бастап, қалың қардың зардаптарын жоюға арналған ауыр техникаларға дейінгі барлық құралдар көрсетілді.
Қазіргі таңда облыстың жол қызметтерінің қарамағында 307 арнайы техника бар, оның 44-і ақаулы күйде. Бұдан бөлек, 26 220 тонна көктайғаққа қарсы материал, 1 400 тонна химиялық реагент дайындалып, 36 жылыту пункті әзірленді. Сондай-ақ қыс мезгілінде үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз ететін өндірістік базалар жасақталуда.
- Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті орган ретінде біз үшін ең бастысы – техниканың уақытылы әрі толыққанды жұмыс істеуі. Сондықтан біз тек техниканың бар-жоғын ғана емес, оның жарамдылығын, қосалқы бөлшектердің жеткіліктілігін, көктайғаққа қарсы материалдар мен жанар-жағармай қорының болуын да қатаң қадағалаймыз. Қазіргі таңда жол-пайдалану учаскелерінің дайындығы шамамен 70%-ды құрайды, – деді Ержан Қошқарбаев.
Оның айтуынша, әкімшілік полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, көше-жол желісін тұрақты түрде тексеріп отырады. Жыл басынан бері 2 365 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде мердігер ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқамалар берілген.
Ержан Қошқарбаев бұл тексерістің алдын алу сипатында екенін атап өтті. Арнайы техниканың толық дайындығына соңғы бақылау қараша айында өткізіледі. Сол уақытқа дейін барлық құрылымдар қысқы маусымға 100% дайын болуы тиіс.