Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында зорлық-зомбылыққа қарсы акцияның қорытындысы шығарылды

Ақмола облысында зорлық-зомбылыққа қарсы акцияның қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» халықаралық акциясының қорытындылары жарияланып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстарға талдау жасалды.

Елеулі жетістіктердің бірі ретінде Қосшы қаласы мен Бұланды ауданында екі жаңа дағдарыс орталығының ашылуы атап өтілді. Бұл мекемелердің жалпы саны өңірде 10-ға жетіп, көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті. 2024 жылы осы орталықтарға 219 адам, соның ішінде 152 бала орналастырылды.

Полиция мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен күшімен 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында агрессорларға арналған дәрістер, дөңгелек үстелдер, флешмобтар және жастарға арналған білім беру бағдарламалары болды.

Қорытынды кеңеске Ақмола облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Әбутәліпов төрағалық етті. Кеңеске полиция қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында әйелдердің құқықтарын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу және халықтың осал топтарымен жұмыс істеу мәселелерінде полиция мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен әрекетінің маңыздылығы атап өтілді.

Осы орайда «Қорғау Астана» жеке қоры, «Ана үйі» қайырымдылық қоры, сондай-ақ «Сенім Болашақ» және «Әйелдер сәулесі» қоғамдық бірлестіктері зор үлес қосты.

Кеңес барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы белсенді азаматтар марапатталды. «Сенім Болашақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Айгүл Нұрмағанбетова, отставкадағы полиция майоры Анар Ибраева және «Айкүміс» шоу-балетінің жетекшісі Камилла Инкирбаеваға алғыс хаттар табыс етілді.

Сонымен қатар агрессорларды анықтау және оңалту шараларын тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін ODARA бағалау құралының таныстырылымы өтті. Бұл әдіс тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін анықтауда маңызды құрал ретінде қолданылатын болады.

Зорлық-зомбылықтың алдын алу және халыққа көмек көрсету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру