Ақмола облысының патрульдік қызметі балалар мен спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Ақмола облысының патрульдік қызметі балалар мен спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Ақмола облысы полиция департаментінің патрульдік қызметі балаларды, студенттерді және спортшыларды қамтыған 2 мыңнан астам ілесіп жүруді жүзеге асырды. Әрбір ілесіп жүру — жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет. Әсіресе жарыстар мен түрлі іс-шараларға қатысатын жас спортшылардың қауіпсіздігі басты назарда.
— Біз үшін балалардың жарыс алаңдарына, оқу және спорттық іс-шараларға қауіпсіз әрі уақытында жетуі аса маңызды. Әрбір ілесіп жүру — бұл тек қызметтік міндет қана емес, сонымен қатар өсіп келе жатқан ұрпаққа көрсетілген қамқорлық, — деп атап өтті Ақмола облысы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері.
Жуырда Атбасар қаласында өткен кикбоксинг жарысына жас спортшыларды ілесіп барған патрульдік полиция қызметкерлеріне ата-аналар тарапынан алғыс білдірілді. Олар полиция қызметкерлері Тимур Баубеков пен Дархан Амиржановтың кәсібилігін, жауапкершілігін және балаларға деген ерекше ілтипатын жоғары бағалады.
— Балалардың жолын қауіпсіз әрі тыныш етуге өз үлесімізді қоса алғанымызды мақтан тұтамыз. Ата-аналардың бізге артқан сенімі — қызметіміздің басты бағасы, — деді тәртіп сақшылары.
Ақмола облысының патрульдік қызметі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қоғаммен өзара сенім мен әріптестікті нығайту бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыра бермек.
