Ақмола облысының полицейі тұрғынның жоғалтып алған ақшасын қайтарып берді
Ақмола облысының полицейі тұрғынның жоғалтып алған ақшасын қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аудандық ауруханада медбике болып жұмыс істейтін жергілікті тұрғын Аглам Абеева полиция бөліміне ризашылығын білдірген. Әйелдің айтуынша, ол ай сайынғы несиесін төлейін десе, сөмкесінен ақшасын таппаған. Жинаған ақшасын қалай, қайда жоғалтқанын білмеген.
Осы уақытта кезекші полиция старшинасының көмекшісі Имантаев Арыстанбек жерде жатқан қағаз купюраларды көрген. Оларды алып, қызметке барып, табылған ақша туралы учаскелік полиция инспекторы Сәлімжан Ержановқа хабарлаған. Полицей өз кезегінде бейнебақылау камераларына қарап, жарты сағаттан кейін жоғалған ақшаның иесін анықтап, оған бұл олжа туралы хабар жеткізген.
– Мен қазіргі кезде адал және өз ісіне қабілетті адамдар бар екеніне шын жүректен қуаныштымын. Кез-келген адам бұл ақшаны өздеріне иемденуі мүмкін еді, алайда біздің адал полицейлер маған қаражатымды қайтарып берді, – дейді әйел.
Айта кету керек, Ақмола полицейлері парасаттылықты тексеру жобасын немесе оны Integrity check деп те атайды. Бұл шара сыбайлас жемқорлыққа бейім адамдарды қылмыс жасамас бұрын да анықтауға мүмкіндік береді.