Ақмола облысының полицейлері алимент төлемеген ата-аналарды анықтады
Ақмола облысының полицейлері алимент төлемеген ата-аналарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың 8 желтоқсанында Ақмола облысы ПД-да екі ақмолалыққа қатысты Красный яр ауылы мен Қарағанды облысының тұрғындарынан өтініш келіп түсті. Олар ұзақ уақыт бойы Ақмола облысының бұрынғы ерлі-зайыптылары, кәмелетке толмаған балаларын асырауға алимент төлеу жөніндегі міндеттерді атқармайтынын хабарлады.
Бірінші жағдайда, 32 жастағы ақмолалықтың 12 жастағы ұлын асырау бойынша қарызының сомасы 2 млн 138 мың теңгені құрайды. Екінші жағдайда, тағы бір әке өтініш берушінің айғағы бойынша 2020 жылдан бастап кәмелетке толмаған қызын асырауға алимент төлемейді, ер адамның берешегі 1 млн 138 мың теңгені құрайды.
Екі факті де ҚР ҚК-нің 139-бабы 1-бөлігі (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
Естеріңізге сала кетейік, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларды, сондай-ақ күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын немесе еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды асырауға міндетті.
Үш айдан астам уақыт алимент төлемеген борышкерге ҚР шегінен тыс жерлерге шығуға уақытша шектеу, сондай-ақ лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтарды иеленуде, мысалы, автомобиль көлігін жүргізу құқығын беруде уақытша шектеу белгілеу түріндегі қосымша мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.