Ақмола облысының ҚАЖД қызметкері "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды
Ақмола облысының ҚАЖД қызметкері Президент Жарлығымен марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысында №6 мекеменің қызметкері, режим бөлімінің ақпараттандыру және байланыс тобының бақылаушысы Рахат Байлин өртке оранған пәтерден кішкентай баланы аман алып қалып, ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Өз өмірін қатерге тіккен батыр азамат 2025 жылғы 21 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жоғары мемлекеттік марапат — "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Оқиға облыс орталығында болған. Бес қабатты үйдің бір пәтерінен қою түтін шығып жатқанын көрген Рахат Байлин бір сәт те кідірместен, өз өміріне қауіп төндіре отырып, өрт ошағына ұмтылды. Оның жалғыз мақсаты — от тұзағында қалған адамдарды құтқару еді.
Қызметкер түтінге тұншығып тұрған пәтердің ішінен демі үзілуге шақ қалған баланы тауып алып, сыртқа алып шықты. Рахат Байлиннің батыл да шешімтал әрекетінің арқасында бала аман қалды. Көп ұзамай оқиға орнына жеткен төтенше жағдайлар қызметі бүлдіршінді дәрігерлерге тапсырды.
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерінің ерлігі жоғары деңгейде бағаланып, оған марапатты Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі жеке өзі табыстады.
— Бұл оқиға біздің арамызда нағыз батырлар бар екенін дәлелдейді. Адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғау — құқық қорғау органдарының, соның ішінде ҚАЖ қызметкерлерінің ең жоғары борышы, — деді Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Мерген Аргумбаев.
Рахат Байлиннің ерлігі – азаматтық парыз бен қызметтік адалдықтың жарқын үлгісі.
