Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысының тұрғыны алғаш рет жеке куәлігін алды

31 жастағы Щучинск тұрғыны алғаш рет жеке куәлігін алып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысының тұрғыны Арман алғаш рет Қазақстан Республикасының азаматы ретінде жеке куәлігін алды. Бұл жетістік Ақмола облысының пробация қызметі мамандарының көмегімен мүмкін болды. Олар тек жаза өтеуді тәртібін бақылап қана қоймай, сонымен қатар сотталғандарды қоғамға бейімдеу және әлеуметтік ортаға қайтару бойынша күнделікті қажырлы жұмыс жүргізеді.

Арман, әкесi мүгедек болған, толық емес отбасында өсті. Курортты шағын қалада жаз сайын жұмыс істеп, табыс табуға тырысатын. Қолынан келген істен бас тартпайтын, ал кейін 9-сыныптан соң мектепті тастап, кездейсоқ табыс көздерімен күн көріп, тұйық әрі қоғамнан оқшау өмір сүре бастады.

Өткен жылдың күзінде Арман электр тауарлары дүкенінен ұрлық жасағаны үшін 3 жылға бостандығын шектеу жазасына кесіліп, пробация қызметінің есебіне қойылды. Ресми базаларға жүргізілген тексеріс нәтижесінде оның атына тіркелген бірде-бір жеке басын куәландыратын құжаттың жоқ екені анықталды — ол заң тұрғысынан мүлдем жоқ адам санатында өмір сүріп келген.

Пробация қызметінің мамандары оны құжаттандыру процесін бастап, бірнеше айлық жұмыстан соң оң нәтижеге қол жеткізілді: Щучинск қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында Арманға ресми түрде алғашқы құжаты салтанатты табысталды.

- Пробация қызметкерлеріне алғысым шексіз, қазір алғаш рет ресми түрде жұмыс істеп, ай сайын жалақы алып жүрмін. Енді жеке куәлігім бар. Жаза мерзімін өтегеннен кейін өмірімді жаңадан бастағым келеді, барша адам сияқты қалыпты өмір сүріп, отбасы құрғым келеді. Балаларым мені ұялып емес, мақтан тұтатын болса екен деймін, – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру