Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысының тұрғыны бейтаныс адамға сеніп, жылқыларынан айырылып қалды

Ақмола облысында ауыл тұрғыны бейтаныс адамға алданып, ақшасы және жылқысынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

11 қаңтарда Степногорск қаласының полиция басқармасына ауыл тұрғынынан алаяқтық фактісі бойынша шағым түсті.

Өтініш иесінің айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айында олардың ауылына өзін жылқы сатып алушы ретінде таныстырған бейтаныс ер адам келген. Ауыл тұрғыны оған жеті жылқысын сатып, екі жылқының ақысын кейінірек төлеуге келісім берген. Алайда белгіленген мерзімде сатып алушы уәдесін орындамай, із-түзсіз жоғалып, байланысқа шықпай қалған.

Зардап шегушіге келтірілген шығын көлемі 2 млн 240 мың теңгені құрады. Аталған дерекке байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті тұлғаның жеке басын анықтады. Қазіргі уақытта оған қатысты қосымша тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Полиция департаменті азаматтарға сақ болуды және бейтаныс адамдарға сенім артпауды қатаң түрде ескертеді. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін өз қаражатыңыз бен мүлкіңізді бөгде адамдарға сеніп тапсырмаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру