Ақмола облысының тұрғыны интернет-алаяқтықтың құрбаны болды
Ақмола облысының тұрғыны интернет-алаяқтықтың құрбаны болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Зеренді ауданының 66 жастағы тұрғыны алаяқтардың құрбанына айналды. Белгісіз адамдар танымал банктердің бірінің атынан әрекет етіп, әйелдің атына 1 миллион теңге көлемінде тауар несиесін ресімдеген.
Жәбірленушінің айтуынша, 14 қаңтарда оған белгісіз адамдар қоңырау шалып, өзін таныстырып үлгермей, 1414 нөмірінен келген SMS-кодты айтуды сұраған. Алаяқтар осы код арқылы жалған құжаттар жасап, әйелдің атына дүкеннен жиһаз сатып алу үшін несие алған.
Көп ұзамай оның шотына 800 мың теңге түскен. Біраз уақыттан кейін алаяқтар бұл ақшаны “қателесіп” аударғанын айтып, соманы қайтаруға көндірген. Әйел барлық қаражатты кері аударған.
Кейін зейнеткерге несиені өтеу туралы хабарлама келген. Осыдан кейін ол күмәнданып, банкке жүгінген. Банк оның атына расында несие ресімделгенін растады. Әйел дереу полицияға арыз жазды.
Аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта күдіктілердің жеке басы анықталып жатыр.
Полиция қызметкерлері ескертеді:
- Ешқашан SMS хабарламадан келген кодтарды бейтаныс адамдарға айтпаңыз;
- Белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз;
- Шотыңызға қаражат түссе, оны алдымен банк арқылы тексеріңіз;
- Күдік тудыратын жағдай болса, дереу банкке және полицияға хабарласыңыз.
Кез келген жағдайда барынша сақ болыңыз!