Ақмола облысының тұрғыны инвестицияға салған ақшасынан қағылды
Ақмола облысының тұрғыны инвестицияға салған ақшасынан қағылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Зеренді ауданының полиция бөліміне алаяқтық фактісі туралы жақын маңдағы ауылдардың бірінің тұрғыны өтініш білдірді. Әйел осы жылдың 6 тамызында белгісіз тұлғалар оған тиесілі 3 млн 500 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатты алаяқтық жолмен иемденгенін хабарлады.
Instagram әлеуметтік желісінде жәбірленуші Kaspi Profit жобасына инвестициялар арқылы капиталды көбейту туралы хабарландыруды көрген.
Жарнамада көрсетілген сілтемеге кіре отырып, әйел жарнама авторларымен байланысқа шықты, олар өтініш берушіге манипуляция үшін әртүрлі психологиялық әдістер мен тактикаларды қолдана отырып, инвестициялардан тез және кепілдендірілген табыс табуға уәде берді.
Жәбірленуші күдіктілердің айла-амалдарына бой алдырып, екі банкте 2 млн теңгеден астам сомаға ақшалай несие ресімдеп, алаяқтарға олар көрсеткен шотқа жалпы 3 млн 500 мың теңгені аударды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері жәбірленушінің ақшалай қаражатын қылмыскерлердің шотына шығару бойынша делдал болған адамдарды анықтады. Бұл адамдардың аталмыш қылмысқа қатыстылығы тексерілуде.
Осы факті бойынша полиция бөлімімен ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі “Алаяқтық” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Ақмола облысының полиция департаменті Kaspi Profit жобасы Kaspi Bank банкімен және оның өнімдерімен байланысты емес екенін ескертеді.
Алаяқтар ықтимал құрбандардың сенімін арттыру үшін нақты фирманың логотипі мен атауын пайдаланады. Сақ болыңыз! Қолма-қол ақшаңызды бейтаныс адамдардың шоттарына аудармаңыз.