Ақмола полицейлері көлік жуу орнынан жасалған ұрлықты ашты
Ақмола полицейлері көлік жуу орнынан жасалған ұрлықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 желтоқсанда Көкшетау қаласының Полиция басқармасына облыс орталығының 38 жастағы тұрғыны 24 желтоқсанға қараған түні белгісіз адам көлік жуу кассасынан 58 мың теңге сомасында жүйелік блок пен ақшалай қаражатты ұрлап әкеткені туралы арызбен жүгінді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол осы мекемеде аз уақыт жұмыс істеген, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған облыс орталығының 22 жастағы тұрғыны болып шықты. Қылмыскерді табуға криминалистер оқиға болған жерді тексеру кезінде тапқан саусақ іздері, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары көмектесті.
Жас жігіт кассаның бөлмесіне кіріп, алдыңғы есіктің шыны бөлігін балғамен сындырған. Ұрланған ақшаның бір бөлігін ұры жұмсап үлгеріпті.
Бұл факт бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлімі (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның басқа қылмыстар жасауға қатысы бар-жоғы тексеріледі.