Ақмола полицейлері оқушыларды Білім күнімен құттықтады
Ақмола полицейлері оқушыларды Білім күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйек – жылылық пен жарқын үмітке, жаңа бастамаларға толы ерекше күн. Бұл күн оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар үшін жаңа оқу жылының басталуын айшықтап, білімге бастайтын жолдың алғашқы қадамын білдіреді. Бұл күні балалардың көңіліне қуаныш сыйлау, оларға ересектер тарапынан қолдау көрсету – дәстүрге айналған игі іс. Осы игі дәстүрді Ақмола облысының полицейлері де жалғастырып келеді.
Ақмола облысы полиция департаментінің басшылығы Көкшетау қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Білім күніне арналған салтанатты жиынға департамент қызметкерлері, соның ішінде полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев қатысты. Ол бірінші сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндерді жеке құттықтап, оларға естелік сыйлықтар табыс етті. Балаларға ерекше қуаныш сыйлаған – 03 өңірінің символикасы бейнеленген сувенирлік патрульдік көліктер болды.
– Бүгіннен бастап сіздердің алдарыңызда білім мен мүмкіндіктің жаңа белестері ашылады. Барлықтарыңызға төзімділік, қызығушылық және мол табыс тілеймін. Ұстаздарға адал да күрделі еңбегі үшін айрықша алғыс білдіремін, – деді облыстық полиция департаментінің басшысы.
Мектеп-интернат директоры Алтын Мұстафинова полиция басшылығына көрсеткен қамқорлығы үшін ризашылығын білдіріп, көпжылдық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
"Назар аудару – балалар! республикалық акциясы аясында өңір полицейлері оқушыларды құттықтаумен қатар, облыстың барлық білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Оқу жылының алғашқы күндерінде тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін түсіндіретін ашық сабақтар өткізіп, балаларды көшеде абай болуға шақыруда.