Ақмола полицейлері оқушылардың ата-аналарымен онлайн жиналыс өткізді
Ақмола полицейлері оқушылардың ата-аналарымен синтетикалық және дәріханалық нашақорлық туралы ZOOM платформасы арқылы жиналыс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 ақпанда Көкшетау қаласының №18 орта мектебінде ZOOM платформасы арқылы ата-аналар жиналысы өткізіліп, оған облыстық ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және «Зерделі ұрпақ» қоғамдық қоры шақырылды.
Есірткі полицейлерінің сөз сөйлеуінің мақсаты – ата-аналарға жасөспірімдердің синтетикалық есірткілерді және дәріханалық нашақорлықты қолдану әдістері мен белгілері, сондай-ақ оларды қолданудың құқықтық салдары туралы білімдерін қалыптастыру болды.
– Есірткі жастар мен жасөспірімдер ортасында тізбекті реакция сияқты таралады, ал ата-аналардың бұл мәселе бойынша ақпараттануы көп нәрсені шешеді. Нашақорлық мәселесін терең түсінбегендіктен ересектер оған қатысты әлсіздіктерін танытады, – деді полицей Дархан Сыздықов.
Көптеген ата-аналар үшін полиция қызметкерлерінің ақпараты күтпеген және таңқаларлық болды. Спикердің сөз сөйлеуі аяқталғаннан кейін көптеген сұрақтар келіп түсті, оларға толық жауаптар берілді.