Ақмола полицейлері жалған техпаспортпен жүрген кезекті жүргізушіні анықтады
Ақмола полицейлері жалған техпаспортпен жүрген кезекті жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел басқару орталығының қызметкерлері жол қозғалысын қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізу кезінде көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған Toyota Estima көлігін тіркеді. Тәртіп бұзушылық туралы ақпарат патрульдік полиция жасақшаларына беріліп, Жібек Жолы базарының аумағында көлік тоқтатылды.
Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде және шанақ пен агрегаттарды салыстыру кезінде паспортта жалған VIN коды көрсетілгені анықталды.
Тергеу бөлімі аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 385-бабының 3-бөлігі (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Жүргізушінің айтуынша, ол бір жыл бұрын көлік сатып алған және бұл алаяқтардың ісі болуы мүмкін. Егжей-тегжейлі тексеру жүргізу және барлық мән-жайларды анықтау үшін көлік құралы сол күні айыппұл тұрағына қойылды. Сараптама тағайындалды.