Ақмола полицейлері жаяу жүргіншілерге түнгі уақытта автотрассаларда өте мұқият болуды ескертеді
Ақмола полицейлері түнгі уақытта автотрассаларда өте мұқият болуға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының полиция департаменті облыс тұрғындарына жол жиегімен жүрмеуге, әсіресе тәуліктің қараңғы мезгілінде жақындап келе жатқан көліктің алдына шығып, жолдан өтпеуге қатаң кеңес береді.
Мәселен, 31-шілдеде және 1-тамызда түнгі уақытта автотрассалардың жарықшамдары жоқ учаскелер бойынша қозғалып келе жатқан облыстың екі тұрғыны жол-көлік оқиғаларынан зардап шекті. Жаяу жүргіншілердің бірі қайтыс болды.
Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.
Полицейлер киімге, велосипедке және басқа да заттарға, әсіресе балаларға шағылыстыратын элементтерді қолдану қажеттілігін еске салады.