Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола полицейлері жолда көлігі істен шыққан жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті

Ақмола полицейлері жолда көлігі істен шыққан жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері Ақмола жолдарында аяз бен боран кезінде көлік жүргізушілеріне көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.

12 желтоқсан күні патрульдеу барысында «Тұлпар-1» экипажындағы ПД ППБ 4-взводының қызмет аға инспекторы Аян Жақсылықов пен ПД ППБ қызмет инспекторы Евгений Дикке Екатеринбург – Алматы автожолының 944-шақырымында жүк көлігінің тоқтап тұрғаны туралы ақпарат келіп түсті.

Жүргізуші Мадир Олжабаевтың айтуынша, ол Ресей шекарасынан Алматы қаласына қарай келе жатқан, бір сәтте көлікте дизель отыны қатып, аккумулятордың қуаты бітіп қалған. Жүргізуші қатты аязға тап болғандықтан, полиция қызметкерлері оны дереу жылытып, демалу үшін жақын маңдағы қонақ үйге апарған. Тәртіп сақшыларының өздері істен шыққан КамАЗ тұрған жол учаскесінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырды, себебі сынған көлік жолдың дәл ортасында тұрып қалған. Осылайша, полицейлер екі күн бойы жүргізушіге көлікті қайта жүргізуге көмектескен және жүргізушінің көлікте қатты суыққа тап болмауы үшін оны қонақ үйге апарып, алып келіп отырған.

– Ол кісіге қажет нәрсенің бәрін, яғни тамақ, шай апарып, ер адамның қиыншылықта жалғыз емес екенін көрсеттік. Біз оны қатты аядық, себебі жүргізуші егде жасқа келіп қалған адам екен. Сондай-ақ оған жолды жалғастыру өте маңызды екенін түсіндік. Сондықтан екі күн бойы біз оған қолымыздан келгенше көмектестік. Ақырында, 14 желтоқсан сағат 19.50-де біз көлікті іске қостық. Риза болған адам бізге шын жүректен алғыс айтып, жолға шықты, – деді Аян Жақсылықов.

Бүгін полицейлер жүргізушімен байланысқа шығып, оның Алматы қаласына аман-есен бара жатқанына және бәрі жақсы екеніне көз жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру