Ақмолада полицейлер жүк көліктерінің нөмірін жасыру деректерін анықтауда
Ақмолада полицейлер жүк көліктерінің нөмірін жасыру деректерін анықтауда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының полиция қызметкерлері жүк көліктерінің жүргізушілері тарапынан мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасыру немесе өзгерту фактілерін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мұндай заңсыз әрекеттер соңғы уақытта жиілеп барады. Патрульдік полицияның мәліметінше, бұл көбіне жүк көліктерінің шамадан тыс жүктелуімен және айыппұлдан жалтару әрекеттерімен байланысты.
Облыс жолдарында көлік құралдарының салмағын анықтайтын автоматтандырылған таразылар орнатылған. Олармен қатар орналасқан бейнебақылау камералары көлік нөмірлерін автоматты түрде сканерлейді. Алайда кейбір жүргізушілер артық жүктеме үшін салынатын айыппұлдан жалтару мақсатында тіркеу белгілерін әдейі жасырып немесе өзгертетін айла-тәсілдерге барады.
Мәселен, Астана – Қабанбай батыр – Теміртау автожолының 19-шақырымында полицейлер Shacman жүк көлігін тоқтатты. Тексеру барысында көліктің нөмірлік белгісі арнайы құрылғының көмегімен кабель арқылы жасырылғаны анықталды. Бұл құрылғы нөмірді тануға кедергі келтіретіндей етіп орнатылған.
Осыған ұқсас жағдай Астана – Ерейментау – Шідерті автожолының 93-шақырымында да тіркелді. Сол маркалы жүк көлігінің жүргізушісі дәл осындай заңбұзушылық жасаған.
Аталған фактілер бойынша жүргізушілерге қатысты жалған немесе жасанды мемлекеттік нөмірлік белгілерді қолдану, сондай-ақ оларды тануға кедергі келтіретін құрылғылар орнату дерегі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жыл басынан бері Ақмола облысында осындай 30 құқық бұзушылық анықталып, барлығы сот шешімімен қаралып, тиісті жазалар қолданылды.
Полицейлер көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және нөмірлік белгілерді жасыруға немесе өзгертуге жол бермеуге шақырады. Мұндай әрекеттер тек заң бұзушылық болып қана қоймай, жолдағы барлық қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
