Ақмола тұрғындары құжаттарын ресімдеуге көмектескен полицейлерге алғыс білдірді
Ақмола облысының тұрғындары реттелмеген мәртебесі бар адамдарды анықтау бойынша акция барысында оларға құжаттарды рәсімдеуге көмектескен полицейлерге алғыстарын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астрахан ауданының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлеріне аудан тұрғындарынан алғыс сөздерімен бейнежазбалар келіп түсті.
Александр Лазарев пен Игорь Гүлтаев көші-қон қызметі тобының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының азаматы деп тануға құжаттарды жинауға көмектескені үшін ризашылықтарын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанына дейін Ақмола облысының аумағында азаматтығы жоқ адамдарды және мәртебесі белгісіз адамдарды анықтау және құжаттандыру бойынша сәйкестендіру науқанының екінші кезеңі өткізіліп жатыр.
Ақмола облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының ақпараты бойынша, ағымдағы жылы өңір аумағында 18 азаматқа қатысты азаматтығы жоқ адам мәртебесі берілді, 60 адамға қатысты Қазақстан Республикасының азаматтығына жататындығы анықталды.
Полицейлер азаматтарды тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарының көші-қон қызметі бөлімшелеріне жүгінуге шақырады, онда оларға консультация беріледі және Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның құжаттарын ресімдеу үшін қажетті процедураларды жасайды.