Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолада "Динамо" мерейтойы аталып өтті

Ақмола облысы полиция департаментінде еліміздің спорттық, патриоттық және күштік даярлығының іргетасын қалаған қазақстандық "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

1925 жылы құрылған "Динамо" бүгінде батылдықтың, спорттық рухтың және қызметке адалдықтың айнымас символына айналған. Ол тек спорттық ұйым ғана емес, нағыз мінез мектебі, чемпиондар тәрбиелейтін орта әрі Қазақстанның күш құрылымдарының сенімді серіктесі саналады.

Мерейтой аясында Ақмола облысында спортты дамытуға, құқықтық тәртіпті қолдауға және жас ұрпақты Отанға адал қызмет етуге тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан 51 ардагер, жаттықтырушы, қызметкер мен спортшы салтанатты түрде марапатталды.

- Бүгінде "Динамо" туының астында 100 мыңға жуық күш құрылымдарының қызметкерлері бірігіп, олимпиадалық және қолданбалы спортты қоса алғанда, 28 спорт түрі дамып келеді. 170-тен астам динамошы – еңбек сіңірген спорт шеберлері, ал 59 спортшы Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған. Жастарға ерекше көңіл бөлініп келеді: "Динамо – Қазақстанның балалары үшін" жобасы ел бойынша 5 мыңға жуық жасөспірімді қамтып отыр, – деді "Динамо" ДСҚ Ақмола филиалы төрағасының бірінші орынбасары Виктор Букреев.

Сондай-ақ облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мукашев құттықтау сөз сөйлеп, "Динамоның" құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жауынгерлік рухын, спорттық тәртібін және кәсіби даярлығын нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.

Іс-шара шынайы ризашылық пен құрмет мерекесіне айналды. Қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда:

11 адам – көпжылдық еңбегі мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «Динамо» символикасы бар қол сағаттармен;

9 спортшы – дәстүрді сақтап, ынтымақтастықты нығайтқаны үшін қабырға сағаттарымен;

16 динамошы – ұлттық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері үшін спорттық формамен;

15 спорт әуесқойы – жарыстардағы белсенділігі мен түрлі деңгейдегі жетістіктері үшін спорттық сөмкелермен марапатталды.

Жеңіске деген жігері мен қайсар рухы ардагерлерден бастап жас спортшыларға дейінгі буын өкілдерінен айқын көрінді.

- Бұл мерейтой бізге шынайы шабыт сыйлап, спортқа, жетістікке және Отанға қызмет етуге деген құлшынысымызды арттырды, – деп бөлісті спортшылар салтанатты рәсімнен кейін.

Ғасырлық белесті артқа тастаған "Динамо" тек өткенді еске алумен шектелмей, жаңа белестерге қадам басты. "Қозғалыстағы күш" ұранын ұстанған қоғам алдағы уақытта да ұлт денсаулығын нығайтып, жас ұрпақ бойында патриотизмді қалыптастырып, тәртіп сақшыларының жауынгерлік даярлығын жетілдіруге үлес қоса бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру