Ақмолада полицейлер алимент бойынша жауапкершілік туралы түсіндірді
Ақмолада полицейлер алимент бойынша жауапкершілік туралы түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балаларға қамқорлық жасап, отбасы алдындағы қаржылық міндеттемелерді орындау – ата-ананың заң алдындағы ғана емес, адамгершілік борышы. Бұл – әрбір ата-ана үшін басты қағида болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған балаларды немесе сот шешімімен материалдық қолдауға мұқтаж өзге де тұлғаларды асырауға алимент төлемеу елеулі құқықтық салдарға алып келеді. Егер ата-ана немесе өзге де міндетті тұлға алимент төлеуден 3 айдан астам уақыт бойы жалтарса, оған 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мысал ретінде Ақмола облысының 43 жастағы тұрғынын айтуға болады. Ол алты жасар ұлын асырауға шамамен екі миллион теңге көлемінде қарыз болған. Осыған байланысты Қосшы қаласының полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
Полиция қызметкерлері алимент төлемегені үшін жауапкершілікке тарту мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізеді. Өндіріп алушының өтініші түскеннен кейін құқық бұзушылық фактісі тіркеледі. Сот шешімі мен берешек туралы ақпаратты қамтитын құжаттар сұратылады. Борышкер түсініктеме беру үшін шақырылады, егер ол келуден жалтарса, іздестіру шаралары қолға алынады. Сот орындаушылармен бірлесіп борышкердің мүліктік жағдайы, табыстары және қарызды өтеу мүмкіндігі тексеріледі.
Алимент төлеуден 3 айдан астам уақыт жалтару фактісі расталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі.
Отбасылық міндеттерді уақтылы орындау – тек заң талабы ғана емес, жақындарыңызбен сенімді қарым-қатынасты сақтаудың негізі. Құқықтық салдарлардан аулақ болу үшін өз жауапкершілігіңізді ұмытпаңыз.