Ақмолада полицейлер балаларға арналған мерекелік саяхат ұйымдастырды
Ақмолада полицейлер балаларға арналған мерекелік саяхат ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Балаларды қорғау күні қарсаңында Ақмола облысында жарқын естеліктерге толы әсерлі мереке ұйымдастырылды. Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашевтың бастамасымен өткен бұл іс-шара полиция қызметкерлерінің балаларына және қызметтік міндетін атқару барысында ата-анасынан айырылған балаларға арналды.
Таңертең департамент алаңында мерекелік көңіл-күй орнап, қонақтарды аниматорлар қарсы алды. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі музыка кеңістікті толтырып, көпшілікті балалық шақтың бейқам күндеріне жетеледі. Түрлі ойындар мен жарыстар, шарлар мен сыйлықтар балалардың жүзінде шынайы қуаныш ұялатты.
Көп ұзамай 120 бала мен ата-анадан тұратын топ еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі — Бурабай курорттық аймағына жол тартты. Мұнда оларды Абылай хан алаңындағы мультимедиялық интерактивті кешен қарсы алды. Заманауи технологиялар арқылы балалар қазақ халқының тарихи мұрасына еніп, көшпенділер өмірінің көріністерін тамашалап, ұлттық музыкамен сусындады.
Одан кейін қатысушылар шағын хайуанаттар бағына барып, жануарларды тамашалады. Бурабайдың табиғаты мен саф ауасы балалардың бойына қуат, жүрегіне шаттық сыйлады. Бұл – көптеген балалар үшін алғашқы сапар болды.
Ата-аналар мен балалар шынайы ризашылықтарын білдіріп, осындай көңілді күннің жүректе ұзақ сақталатынын атап өтті. Бұл тек мереке ғана емес, мейірім мен қамқорлықтың, болашаққа деген сенімнің айқын көрінісі болды.
Мерекелік іс-шара – баланың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, мәдени мұраға құрметті және ел тыныштығын күзетіп жүрген жандарға алғысты ұялататын тәрбиелік мәні зор бастама ретінде есте қалды.