Ақмолада полицейлер "Игі істер" акциясы аясында зейнеткерлерге көмектесті
Ақмолада полицейлер "Игі істер" акциясы аясында зейнеткерлерге көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйектен бері Ақмола облысында "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Соның аясында 10 қыркүйектен бастап "Игі істер" әлеуметтік акция басталды.
Екі күн ішінде учаскелік полиция инспекторлары облыс аумағындағы 200-ден астам жалғызбасты қарт пен аз қамтылған азаматтың үйіне барды. Шараның мақсаты – олардың тұрмыс жағдайын білу, қажетті көмек көрсету, сондай-ақ қарапайым адами қамқорлық пен назар аудару.
- Акцияның басты мәні – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, халықпен, әсіресе қолдау мен назарға мұқтаж жандармен тығыз байланыс орнату, – деді Ақмола облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Ерболат Хусаинов.
Ол сондай-ақ "Учаске" іс-шарасы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, учаскелік полиция инспекторларының өз аумағын жан-жақты зерделеуіне, азаматтардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге, заңға қайшы әрекеттерді анықтап, жолын кесуге бағытталғанын атап өтті.
Акция барысында тәртіп сақшылары қарттардың өмір сүру жағдайларына назар аударып, олардың күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелерін тыңдады. Қолдан келгенше тұрмыстық көмек көрсетіп, қажетті қызметтер арқылы тиісті жәрдем ұйымдастыруға ықпал етті.
Зейнеткерлер полиция қызметкерлерін жылы қабылдап, олардың шынайы қамқорлығы мен ықыласына ризашылығын білдірді.
- Бізді ұмытпай, көңіл бөлгендері жанымызға жылу береді. Кейде жай ғана әңгімелесудің өзі үлкен қолдау, – деді тұрғындардың бірі.
"Игі істер" акциясы "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасының аясында әрі қарай жалғасын тауып, облыстың барлық аудандарын қамтитын болады. Полиция әрбір тұрғынға өзінің учаскелік инспекторына немесе полиция бөліміне жүгіне алатынын еске салады, әсіресе көмек пен қолдауды қажет ететін жандар туралы білген жағдайда.
Мұндай бастамалар полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, қауіпсіз әрі бір-біріне бейжай қарамайтын қоғам қалыптастыруға септігін тигізеді.