Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолада полицейлер көктайғақ кезінде жол қауіпсіздігін күшейтті

Ақмола облысында көктайғақтың алғашқы күнінде мыңнан астам көліктің қозғалысы шектелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауа райының күрт нашарлап, қатты көктайғақтың түсуіне байланысты Ақмола облысының полиция қызметкерлері қызмет атқарудың күшейтілген режиміне көшті. Осы күні аймақ жолдарында 200-ге жуық патрульдік полиция қызметкері көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Тек алғашқы күні-ақ жазғы шиналармен жолға шыққан жүргізушілердің салдарынан 1064 көліктің қозғалысы шектелді. Мұндай фактілердің басым бөлігі облыстық және республикалық маңызы бар трассаларда - 430 жағдай, Көкшетау қаласында шамамен 100 жағдай, қалғандары аудандық жолдарда тіркелген.

- Бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, көптеген жүргізушілер жазғы шиналармен жолға шығуға тәуекел етті. Қабылданған шаралар мен патрульдердің белсенді жұмысының арқасында бұл күні зардап шеккендер мен қаза тапқандар қатысқан бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ, - деді Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасар Серік Абуталипов.

Полиция қызметкерлері көктайғақ кезінде жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге де көмек көрсетті. Сонымен қатар өңірдің жол қызметтері көктайғақтың салдарын жою бойынша тәулік бойы жұмыс атқарды. Республикалық маңызы бар трассаларды тазалау үшін 190 арнайы техника жұмылдырылып, 900 тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды.

Полиция автокөлік иелерін дөңгелектерді дер кезінде қысқы маусымға ауыстыруға, жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтауға және қолайсыз ауа райында ұзақ сапарлардан бас тартуға шақырады.

Бұл бағыттағы жұмыс полицияның ерекше бақылауында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру