Ақмолада полицейлер ұстаздарына құрмет көрсетті
Ұстаздар күні қарсаңында Ақмола облысы полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz
Шара құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тұлға болып қалыптасуына және кәсіби жолын таңдауда үлкен үлес қосқан ұстаздарға арналды.
Бұл күні полицейлер өздерінің мектеп қабырғасындағы мұғалімдерін арнайы шақырып, олардың шыдамдылығы мен тәлімгерлік еңбегіне, мамандыққа деген адалдығына шынайы алғыстарын білдірді. Кездесу жылы да шынайы атмосферада өтіп, мектеп жылдарындағы естеліктер мен шәкірттердің жетістіктеріне деген мақтанышқа толы болды.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Азамат Ашимов құттықтау сөз сөйлеп, қызметкерлердің кәсіби жетістіктері ең алдымен ұстаздардың қажырлы еңбегінің, кәсіби шеберлігінің және адами жылулығының жемісі екенін атап өтті.
Департамент бастығы Нұрсұлтан Мукашевтың атынан көп жылғы адал еңбегі, кәсібилігі және қоғам дамуына қосқан үлесі үшін 17 мұғалімге алғыс хаттар мен гүлдер табысталды.
Марапат иелерінің қатарында: Бақытжан Аукарова, Сандыгүл Ахметова, Ақнұр Ашербекова, Балыш Байбазарова, Раушан Бекмағамбетова, Юлия Варюта, Айнагүл Досмұханова, Аяш Жақпарова, Людмила Ерке, Ақлима Ерубаева, Марат Ибраев, Айман Қажахметова, Алма Нұртазина, Алтынжан Рахимова, Әлия Сейілқанова, Сауле Өтегенова және Тахир Халиков бар.
Ұстаздар өз кезегінде полицияда абыроймен қызмет етіп жүрген бұрынғы шәкірттері жайлы естеліктерімен бөлісті.
- Сіздерді мектеп кезінен жақсы танимыз – еңбекқор, ізденімпаз, болашаққа үлкен арманмен қараған шәкірттер едіңіздер. Бүгінде ел қорғап, азаматтық борышын өтеп жүргендеріңізді көру – біз үшін зор қуаныш әрі мақтаныш, – деді олар.
Іс-шара соңында қонақтар полиция департаментінің музейін аралап, онда ведомство тарихынан сыр шертетін 5 000-нан астам экспонатпен танысты.