Ақмолада полицейлер жастармен жұмыс істеу тәсілін жаңартты
Ақмолада полицейлер жастармен жұмыс істеу тәсілін жаңартуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Ақмола облысының полиция департаменті тың бастамалармен жұмыс жасауда. Кезекті профилактикалық іс-шараның ерекшелігі – заманауи форматта өткізілуі. Құқық қорғау органдарының өкілдері жастарға қылмыс әлемінің қауіптілігі мен зардабын көрсету үшін нақты фактілер мен шынайы бейнематериалдарды пайдаланды.
“Заң және тәртіп” қағидатын басшылыққа ала отырып, полицейлер жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне қауіпсіздік сабағын ұйымдастырды. Іс-шара “Достар” мәдениет үйінде өтті, оған 300-ден астам адам – оқушылар, студенттер және тәрбиешілер қатысты. Кездесуді ашқан полиция департаменті бастығының орынбасары Бақтияр Утекин, мұндай кездесулердің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол жастар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін қоғам мен полицияның бірлескен жұмысы қажет екенін айтты.
Кездесу барысында студенттерге өңірдегі қылмыстық жағдай туралы түсінікті әрі нақты мысалдар келтіріліп баяндалды. Полицейлер топтық төбелес, вандализм, буллинг, бопсалау, есірткі қолдану және заңсыз әрекеттерге дроппер ретінде қатысу сияқты жиі кездесетін қылмыс түрлері туралы ашық әңгімеледі.
Жергілікті полиция қызметінің басқарма бастығы Аслан Қызбикенов, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Жанат Оспанов және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Разия Курсанова жастарға құқық бұзушылықтың салдары туралы нақты мысалдар келтірді. Бұл қылмыстардың қоғамда қандай резонанс тудыратынын және бұзушылардың болашағына қалай әсер ететінін түсіндірді.
Спикерлердің сөзін шынайы бейнематериалдар толықтырды. Жастар есірткі сатумен, бопсалаумен және басқа да ауыр қылмыстармен айналысқан күдіктілерді ұстау сәттерін көрді. Сонымен қатар “Поломанные судьбы” атты деректі фильм көрсетілді. Бұл фильмде қылмыс жасап, түрмеде жазасын өтеп жатқан адамдардың тағдыры баяндалды.
Іс-шараның тағы бір ерекше бөлігі – кинологтардың қызметтік итпен өткізген көрмесі. Көрермендер есірткіге ұқсас заттарды анықтау бойынша иттің шебер жұмысын тамашалап, бұл қызметке қызығушылық танытты.
Кездесу соңында полковник Бақтияр Утекин мен білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов жастарға ақ жол тіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара қатысушылар арасында үлкен қызығушылық туғызды. Сондықтан мұндай кездесулерді тоқсан сайын өткізу жоспарланып отыр.
Бұл бастама жастарды қылмыстың зардаптарынан сақтандырып, олардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.