Ақмолада полиция жолаушылар тасымалы саласында жүзге жуық құқық бұзушылықты анықтады
Ақмола полициясы жолаушылар тасымалы саласында жүзге жуық құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысында «Тасымалдаушы» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілген рейдтің алғашқы күні жолаушылар тасымалы саласында 99 құқықбұзушылық тіркелді.
Анықталған бұзушылықтардың ішінде:
Уақтылы техникалық тексеруден өтпеген көлік құралдарының 13 дерегі;
Қауіпсіздік белбеуін тақпай көлік жүргізген 24 жағдай;
Мобильді қосымша арқылы жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 11 фактісі тіркелді.
Мәселен, полицейлер рульдік басқаруы тыйым салынған (оң жақ руль) Toyota Alphard автокөлігімен InDriver қосымшасы арқылы жолаушылар тасымалдаған 44 жастағы жүргізушіні тоқтатты. Бұл әрекетке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 571-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Сонымен қатар полиция өкілдері такси жүргізушісі ретінде тиісті рұқсатсыз жұмыс істеудің заңды бұзушылық болып табылатынын және оған жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Өңірде «Тасымалдаушы» жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Құқық қорғау органдары азаматтарды заңсыз жолаушылар тасымалдау деректерін анықтап, жедел хабарлауға шақырады. Бұл әрекеттер көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жолаушылар құқығын қорғауға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.