Ақмолада зейнеткердің мүлкін ұрлап кеткен адамды қызметтік ит тапты
Ақмолада зейнеткердің мүлкін ұрлап кеткен адамды қызметтік ит тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тағы бір қылмысты Ақмола облысындағы Герда қызметтік-іздестіру иті ашты. Полиция қызметкері Абылайхан Ержановтың айтуынша, Герда тек иіс ізімен жұмыс істейді, өте белсенді және шапшаң ит.
– Неміс овчаркасы бүкіл жаттығу курсын әрдайым жақсы орындайды және жаттығуларсыз бір күн өмір сүре алмайды, – дейді ит жаттықтырушысы.
15 қарашада қызметтік-іздестіру иті Ақкөл ауданында кезекті қылмысты ашты. Бұл күні ПБ кезекші бөліміне 76 жастағы жергілікті тұрғыннан өтініш келіп түсті. Зейнеткер 15 қарашаға қараған түні белгісіз тұлғалар үйдің ауласында орналасқан моншадан аспалы құлыпты бұзып, тауар-материалдық құндылықтарды ұрлап әкеткенін хабарлады.
Шығын сомасы 34 мың теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Герда иті күдіктінің бағытын анықтады. Ит із алып, кинологты алып келді, содан кейін «Смарт-Ақкөл» бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеу барысында бөтен мүлікті ұрлаушының жеке басы анықталды. Ол 58 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.