Ақмолалық полицейлер такси жүргізушілерін алдап соққан алаяқты ұстады
Ақмола облысының полицейлері такси жүргізушілерін алдап соққан алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласындағы әріптестерімен бірлесіп, Көкшетау такси жүргізушілерін 1000 шақырымнан астам қашықтықта алдап үлгерген ШҚО-ның 28 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Қарапайым алдау схемасын қолдана отырып, ер адам жеке тасымалдаумен айналысқан 5 ақмолалықты, оның ішінде Көкшетау қаласының 4 жүргізушісін және Щучинск қаласының 1 жүргізушісін алдап соққан.
Жедел уәкілдердің ақпараты бойынша Өскемен қаласының тұрғыны өз қаласында бола тұра такси қызметін көрсететін Яндекс және InDrive мобильді қосымшалары арқылы жүргізушілерге азық-түлік әкелуді немесе теңгерімді толықтыру туралы түрлі өтінімдер жіберген. Сондай-ақ, такси қызметіне тапсырыс берген тұлға такси жүргізушілеріне олар келіскен мекенжайға келген кезде ғана жол ақысын төлейтінін айтқан. Алайда такси жүргізушілері келіскен мекенжайға келген сәтте, оларды ешкім қарсы алмаған және таксиге тапсырыс берген адамның телефоны сөндірулі болған.
Осыған ұқсас төрт факті бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу барысында тағы да бір факті анықталды. Барлық жағдайда залал сомалары 10 мың теңгеден 27 мың теңгеге дейін жетіп қалады.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, сондай-ақ, басқа да жәбірленушілердің бар екені де анықталып жатыр.