Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолалық сотталғандар балаларға өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын тарту етті

Ақмолалық сотталғандар балаларға қолөнер сыйлықтарын тарту етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Балалардың құқықтарын қорғау күніне орай Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №4 мекемесі ерекше қайырымдылық бастама жүзеге асырды. Степногорск қаласындағы мектепке дейінгі мекемеге барған колония қызметкерлері бүлдіршіндерге сотталғандар өз қолдарымен дайындаған сыйлықтарды тарту етті.

Бұл игі іске арнайы уақыт бөлініп, айыпталушылардың шынайы ықыласпен жасаған шахмат тақталары, дойбы ойындары және қуыршақтарға арналған кішкентай жарқын үйшік балғындарға табысталды.

- Барлығын балалар үшін жасадық, ерекше ықыласпен атқардық», – деді мекеме басшысының орынбасары Сергей Андриенко.

Шара өте жылы атмосферада өтті. Әсіресе, шахмат тақтасы бір ұл баланың қызығушылығын оятып, ол бірден ойынды меңгеруге құлшыныс білдірді. Тәрбиешілердің айтуынша, бұл ойын ақыл-ой дамуына таптырмас құрал. Ал ертегілік үйшіктің айналасында балалар өз қиялдарын шарықтатып, оны сүйікті мультфильм кейіпкерлерінің мекені деп қабылдады.

Мектепке дейінгі мекеме ұжымы ҚАЖ қызметкерлеріне шынайы ризашылық білдірді:

- Балалардың көңіл-күйін көтерген сыйлықтар ғана емес, олардың жан дүниесіне сіңірілген жылу мен қамқорлық аса қымбат. Үйшігіміз сүйікті ойыншықтардың арасына жайғасты, ал сандық балалардың қымбат қазынасын сақтайтын орынға айналды.

Бұл шара — мейірімділік пен үміттің көрінісі, ал бүлдіршіндердің қуанышты жүздері – сотталғандар үшін жаңа өмірге ұмтылудың шынайы себебі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру