Ақмолалық сотталғандар балаларға жаңа жылдық сыйлықтар дайындады
Ақмолалық сотталғандар балаларға жаңа жылдық сыйлықтар дайындауда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысындағы №1 мекемеде тәрбие бөлімінің қызметкерлері сотталғандар арасында жұмсақ ойыншықтар тігуге бағытталған игі бастаманы ұйымдастырды. Қатысушылар жұмысқа ерекше ынтамен кірісіп, өз идеяларын ұсынып, балаларға қуаныш сыйлайтын әсем әрі қызықты бұйымдар жасауға талпынды.

Ойыншық тігу процесі дәлдікті, шыдамдылықты және әрбір ұсақ бөлшекке мұқият назар аударуды талап етті. Сотталғандар материалдарды жауапкершілікпен таңдап, тігістердің сапасын қадағалап, әр бұйымның ұқыпты әрі көркем шығуына мән берді. Әрбір ойыншықтың балаға қуаныш сыйлайтынын түсінген олар бұл іске шынайы қамқорлықпен қарады.
— Жұмсақ ойыншық тігу арқылы біз балаларды қуантуға өз жанымызды саламыз. Мүмкін, бұл сыйлықты армандап, жаңа жылды асыға күтіп жүрген балаға бұйырар, — дейді сотталғандардың бірі.
Мекеме бастығы Жандос Досановтың айтуынша, шығармашылық бағыттағы мұндай жұмыстар сотталғандардың психологиялық жағдайына оң әсер етіп, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.
— Мұндай бастамалар тәрбие жұмысының маңызды бөлігі болып табылады және алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені олар адамгершілік қарым-қатынасты қалыптастырып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған, — деп атап өтті мекеме басшысы.
