Ақмолалық тұрғын уақытылы көмек көрсеткен полицейге алғыс айтты
Ақмолалық тұрғын телефонын табуға көмектескен полицейге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz
6 маусымда сағат 17:30 шамасында Модуль 1 стационарлық бекетінде қызмет атқарып жүрген полицейге облыс орталығының тұрғыны көмек сұрап жүгінді. Азаматша орталық алаңда оның кәмелетке толмаған жиені электросамокатпен қыдырып жүріп, телефонын жоғалтып алғанын айтты.
Патрульдік полиция батальонының қызметкері Алмас Темірбаев бекетте жабдықталған бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап шықты. Тәртіп сақшысы гаджетті балалар көлігін жалға беретін ер адам тапқанын анықтады. Телефон иесіне қайтарылды. Ақмолалық тұрғын полицейдің атына алғыс сөздерін қалалық пабликтердің бірінің жекесіне жазды.
– Осы полицейге телефонды жедел тауып бергені үшін алғыс білдіргіміз келеді, – делінген хабарламада.
– Бейнебақылау камералары бекеттің ішінде де, оның периметрі бойынша да орнатылған. Бүгінгі таңда бұл біздің жұмысымызға жақсы демеу, – деп бөлісті А. Темірбаев.