Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолалық тұрғын жеңілдетілген несие аламын деп алданып қалды

Ақмолалық тұрғынды жеңілдетілген несие алып беремін деп алдап кеткен, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қосшы қаласының полиция бөліміне 22 қаңтар күні жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы арызданды.

Жәбірленушінің айтуынша, өткен жылдың 9 маусымында белгісіз адам оған жеңілдікті шарттармен несие рәсімдеуге көмектесуге уәде берген. Ол кәсіпкерге бизнесті дамытуға қажетті қомақты соманы төмен пайызбен әрі кедергісіз алып бере алатынына сендірген.

Алаяқ сенімді түрде сөйлеп, жәбірленушіні өз қызметінің заңдылығына иландырады. Нәтижесінде кәсіпкер оған 200 мың теңге көлемінде қаражат пен жеке деректерін сеніп тапсырады. Алайда ақшаны алған соң бейтаныс адам із-түзсіз жоғалып, байланысқа шықпай қояды.

Кәсіпкер делдал туралы ортақ танысы арқылы білген. Алайда уәде етілген несие де, ақша да жоқ болып шықты.

Полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген азаматты анықтады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін құқық қорғау органдары несие алу мәселелері бойынша тек ресми қаржы ұйымдары мен банктерге жүгінуді ұсынады. Қаржылық операцияларды жүргізбес бұрын, ақпараттың шынайылығына көз жеткізу – қауіпсіздік кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру