Ақмолалық зейнеткер алаяқтың құрбаны болды
Ақмолалық зейнеткер алаяқтың құрбаны болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың 13 шілдесінде Біржан-Сал ауданының полиция бөліміне алаяқтық фактісі туралы жақын маңдағы ауылдардың бірінің тұрғыны өтініш білдірді. Жәбірленушінің айғақтарына сәйкес, осы жылдың наурыз айында интернет желісіндегі жарнамалық сайтта ол ДТ-75М тракторын сату туралы хабарландыру жариялады, оған бейтаныс жас жігіт бірден жауап беріп, тауарды қарауға келді.
Зейнеткерге сатып алушы тракторды 3 айға бөліп төлеу туралы көндіргенін және ол тауар үшін қаражатты бөлшектеп төлейтініне сендірген. Бір айдан кейін алғашқы жарнаны төлеуге уәде берген жас жігіт эвакуаторды жалдап, көлік құралын алып кетті, кейінірек телефонын өшіріп, өтініш берушімен байланыс орнатуды тоқтатты. Залал сомасы 600 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол уақытша жұмыс істемейтін Атбасар қаласының тұрғыны болып шықты, 23 жастағы жас жігіт тракторды сатып алғаннан кейін оны 360 мың теңгеге металл сынықтарын қабылдау пунктіне тапсырып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсағаны белгілі болды.
Осы фактіге қатысты полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.