Ақмолалықтар қызмет бабында қаза тапқан полицейді соңғы сапарға шығарып салды
Ақмола облысында полицейлер қаза тапқан әріптесін соңғы сапарға шығарып салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының полицейлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция аға лейтенанты Асанәлі Әскербековті соңғы сапарға шығарып салды.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің атынан көңіл айту жеделхаты оқылды. Жеделхатта Асанәлі Әскербековтің есімі өз халқына адал қызмет еткен тұлғаның жарқын үлгісі ретінде мәңгі жадымызда сақталатыны атап өтілді.
Марқұм Асанәлі көптеген жыл бойы ішкі істер органдарында абыроймен қызмет етті. Оның кәсібилігі, жауапкершілігі жас қызметкерлерге үлгі болды. Ол әрқашан жұмыста да, күнделікті өмірде де нағыз тұлға болды.
Облыстық полиция департаменті басшылығы офицердің қазасы отбасы үшін де, Қазақстан полициясы үшін де орны толмас ауыр қайғы екенін айтты. Әріптестері Асанәлі Әскербековті сенімді жолдас, адал офицер және елін шын жүректен сүйген нағыз патриот ретінде еске алады.
Қоштасу рәсімінен кейін үш рет қару атылды — бұл оның әскери ар-намысы мен мемлекет алдындағы еңбегіне көрсетілген жоғары құрметтің белгісі.
Асанәлі Әскербековтің есімі бірге қызмет еткен жандардың жүрегінде мәңгі сақталып, батылдықтың, борышқа адалдықтың және Отанға қызмет етудің символы болып қала береді.
Ер есімі ел есінде мәңгі қалары сөзсіз!
